СҚО полицейлері өртте көмек көрсетті
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері өртте көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жексенбіге қараған түні аудан орталығы Тайыншадағы үйлердің біріндегі жапсарлас салынған құрылыс өртенген. Сағат 03:30 шамасында ұйқыдағы қаланың үстіне үйірілген түтінді полицияның кешенді күштері құрамында патрульде жүрген аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Алтынбек Омаров, Мирас Қорланов мен Таирқан Шәріпов байқаған. Олар АПБ кезекші бөліміне және өрт сөндіру қызметіне оқиға жайлы хабарлаған, кейін көп кешіктірмей адамдарды қауіпсіз жерге шығаруға кіріскен. Қоршаудан секіріп түсіп, терезені қағып, үй ішіндегі ерлі-зайыптыларды оятқан. Бес минут ішінде жақын маңдағы тағы екі жасақ көмекке келген. Өрт сөндірушілер келіп жеткенше тәртіп сақшылары және үй иелері тізбекпен тұра қалып, құдықтан шелектеп су құйып өрттің таралуына жол бермеген. Өртенген қорадағы тауықтар өліп қалған, басқа жануарлар аман, тұрғын-жай зардап шеккен жоқ. Кешікпей келіп жеткен өрт сөндірушілер өртті сөндірді.
– Өртті ауыздықтауға Ерлан Ысмайылов, Қуанышбек Темірбеков, Әнуар Кенжалинов, Алмаз Молдашев пен Айтпай Рахметов қатысты. Кезекшілікке түсетін полицияның кешенді күштері құрамына патрульдік полицейлерден өзге учаскелік полиция инспекторлары және басқа бөліністердің қызметкерлері кіреді. Олардың барлығы дағдарыс жағдайында жақсы даярлықтарын, жедел әрекет етіп, шешім қабылдай алатындықтарын көрсетті, – деп хабарлайды Тайынша ауданының ПБ бастығының міндетін атқарушы Арғын Аманбаев.