СҚО полицейлері Петропавлда Street Workout чемпионатын ұйымдастыруға көмектесті
СҚО полицейлері Петропавлда Street Workout чемпионатын ұйымдастыруға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Street Workout немесе басқаша көше гимнастикасы — әуесқой спорттың бір түрі. СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері салауатты өмір салтын насихаттау мақсатымен осы спорт түрімен әкестеніп жүрген жастарға жүгінді.
Петропавл қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, олар алғаш рет Петропавлда воркауттан чемпионат ұйымдастырды. Климаттық жағдайларға байланысты спорттық мерекені спорт залында өткізуге тура келді. Оны Солтүстік Қазақстан университетінің басшылығы ұсынды. Мұнда Алматы, Көкшетау, Щучинск және Омбы қалаларынан келген 50-ден астам спортшы, сондай-ақ петропавлдық әуесқойлар күш сынасты.
Іс-шараны ұйымдастыруда Петропавлдағы колледждердің студенттері Никита Сафонов пен Аслан Баубеков үлкен көмек көрсетті. Олар әлеуметтік желілерде анонстар жариялап, қатысушылар мен көрермендерді шақырды, спортшылармен байланыста болды.
– Іс-шараның мақсаты – Street Workout жастар қозғалысы арқылы есірткіден бас тартуға шақыру, жастарды салауатты өмір салтына тарту. Чемпионат өте жақсы өтті және бастаманы Петропавл жастары қолға алады деп үміттенеміз. Нашақорлыққа қарсы күреске қоғамның барлық күштері жұмыла кірісуі қажет, – дейді СҚО ПД ЕҚҚІҚБ бастығы Иван Терзиди.
Жыл басынан бері СҚО полицейлері 480 профилактикалық іс-шара өткізді. Заңсыз айналымнан 411 кг түрлі есірткі, оның ішінде 2 кг астам синтетикалық есірткі тәркіленді.