СҚО полицейлері құқық бұзушылықтарды анықтады
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері бір күнде 589 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 наурызға қараған түні Пушкин көшесінде Петропавл қаласы Полиция басқармасы патрульдік полициясының экипажы «ГАЗель» автокөлігін тоқтатты. Полицейлер жүргізушінің қараңғыда жарығын қоспай кетіп бара жатқандығына назар аударған. Рөлде отырған 41 жастағы ер адамнан алкогольдің иісі шығып тұрған. Медициналық тексеру алкогольдік масаң күйін көрсетті.
Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша хаттама толтырылды. Сот отырысы келесі күні өтті. Құқық бұзушы 15 тәулікке қамауға алынып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
– Жалпы 12 наурыз күні мас күйінде көлік құралын басқарған сегіз жүргізуші анықталды, – деді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов. – Бұл облыста өтіп жатқан «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші күніндегі мәліметтер. ЖПІШ шеңберінде жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Бір тәулікте анықталған жол қозғалысы ережелерін бұзудың арасында жылдамдықты асырудың 27 фактісі, қарсы жолаққа шығудың екі жағдайы орын алды. Жалпы, іс-шараның алғашқы күнінде облыста 589 түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды. Ең жиі кездесетіндердің бірі – алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйде қоғамдық орындарға бару. Осындай 95 жағдай тіркелді.