Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Арыс қаласының тұрғынынан 4 келіден астам марихуана тәркіленді

Полицейлер Арыс қаласының тұрғынынан 4,5 келіден астам марихуана тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Арыс АПБ-нің полицейлері және аудндық прокуратура бірлесе отырып, аса ірі көлемде есірткі сақтаған күдіктіні ұстады. Жедел уәкілдер Арыс қаласы тұрғынының үйін тінту кезінде ерекше хош иісі бар өсімдік тектес есірткі затты тауып, сараптамаға жіберді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған есірткінің жалпы салмағы 4,5 кг-нан асатын “кептірілген марихуана” болып шықты.

Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Бұл баптың санкциясы үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазаны көздейді.

Қазіргі уақытта есірткіні заңсыз сақтау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын және күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтайды. Сондай-ақ, жедел уәкілдер аудан орталығына есірткі жеткізудің жолын айқындайтын болады.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері есірткіні заңсыз сақтап, таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Егер, сіз, осындай қылмыстардың куәгері болсаңыз немесе есірткі құралдарының заңсыз айналымы туралы қандай да бір ақпаратты білсеңіз, тез арада полицияның “102” телефонына хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру