СҚО полицейлері сәби мен анасын іздеп тапты
СҚО полицейлері сәби мен анасын іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
М.Жұмабаев ауданында полиция қызметкерлері ерекше іздестіру іс-шараларын өткізді. Орталық аудандық ауруханадан жаңа туған сәбиін қалдырып, медициналық мекемеден кетіп қалған 28 жастағы жергілікті тұрғын туралы ақпарат келіп түскен, яғни әйел баласынан бас тартқан. Алайда кейін жас ана пікірін өзгертіп, оны алып кеткен, бірақ белгіленген мерзімде тексеруге келмеген екен. Шала туылған нәрестенің тағдырына алаңдаған дәрігерлер оны өздері іздеп табуға тырысқан, кейін полицияға жүгінген. Тексеру барысында полицейлер сәбиіне немқұрайлы қараған ананы бір тәулік ішінде аудан ауылдарының бірінде тұратын туысының үйнен тапты. Тәртіп сақшылары оны баланы қажетті тексеруден өткізу үшін сәбиімен бірге ауруханаға жеткізген.
– Аталған факті туралы ювеналдық полицейлер кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияны хабардар етті. 26 қыркүйекте көшпелі отырыс өтті. Ауыл тұрғынының қиын материалдық жағдайы туралы өтініш жазуына байланысты, сәбиді Петропавл қаласындағы балалар үйіне уақытша орналастыру мәселесі шешіліп жатыр, — деп хабарлады аудандық ПБ бастығы Бахтияр Есімов.