Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері салтанатты сап түзеді

СҚО полицейлері Мемлекеттік рәміздер күні салтанатты сап түзеп, ҚР гимнін орындады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнін салтанатты сап түзеп, гимн орындаумен атап өтті.

Облыстық полицияның 200-ден астам қызметкері Департаменттің әкімшілік ғимаратының алдында салтанатты сапқа тұрды. Басқарма басшылары, офицерлер мен сержанттар – салтанатты нысанды киімде екі қатарға тұрып, сап түзеген полицейлер жылдағы дәстүр бойынша жаздың төртінші таңын мемлекеттік гимнді шырқаудан бастады. Үрлемелі оркестрдің маршымен мемлекеттік ту мен елтаңба ортаға шығарылды. Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев жеке құрамды мерекемен құттықтады.

– Бұл мереке – Отанын шексіз сүйетіндер, оның табысына қуанып, еліміздің негізі заңында белгіленген принциптерге беріктігін күнделікті еңбегімен дәлелдейтіндер үшін. Полиция қызметкерінің міндеті – елімізде құқықтық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Отанымызды сүю мен мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету біздерге кез-келген қиындықты еңсеруге мүмкіндік береді. Сіздердің әрқайсыларыңыз мемлекетіміздің гүлденуі мен өркендеуі үшін бар күш-жігерлеріңізді аямайтындарыңызға сенімдімін, – деп атап өтті облыстық полицияның басшысы.


Әр полицейдің қызметі ант қабылдаудан басталады. Мемлекеттік гимн орындалғаннан кейін ант қабылдау рәсімі өтті. Ту мен елтаңба – полиция қызметінде өткізілетін маңызы іс-шаралардың барлығында міндетті түрде төрден орын алады. Инспектор-кинолог, полиция кіші сержанты Татьяна Васечкина ішкі істер органдарында былтырғы күзден бері қызмет етіп келеді. Ол үшін Мемлекеттік рәміздер күнін иығына пагон тағып, сапта қарсы алуы алғашқы рет болып отыр.

– Керемет сезімдемін. Салтанатты іс-шараға алғашқы қатысуым. Барлық жерлестеріме, әріптестеріме мықты денсаулық, ашық аспан, жарқын өмір тілеймін, – деп полицей қуанышымен бөлісті.

Мемлекеттік гимн салтанатты түрде орындалғаннан кейін полицейлер жұмыс орындарына тарасты. Олардың міндеті – қылмысқа қарсы күрес, жол қауіпсіздігін бақылау, жерлестерінің тыныштығын сақтау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру