Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері сот шешімін орындамаған шетелдікдерді анықтады

СҚО полицейлері ел аумағынан шығару туралы сот шешімін орындамаған деструктивті діни ағым жетегіндегі шетелдік азаматтарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері алматылық әріптестерімен бірлесіп, Қазақстанда тыйым салынған діни-тоталитарлық сектаны ұстанушы Ресей Федерациясының екі азаматын анықтап, ұстады. Полицейлер оларды ұстау шараларын жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы қаласының аумағында жүргізді.

42 жастағы ер адам мен 60 жастағы әйел осыған дейін де жедел уәкілдердің назарына іліккен: 2022 жылдан бастап олар Петропавл қаласына келіп, «рухани тазаруды» уәде еткен және секталарына шақырған. Нәтижесінде осы жылдың басында екеуіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 489-бабының 10-бөлігі бойынша хаттамалар толтырылды. Сот құқық бұзушыларды 50 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды төлеп қана қоймай, ел аумағынан шығуға міндеттеді. Алайда сектаны ұстанушылар Ресейге емес, Петропавлдан Алматыға кетіп қалған. Уақыт өте келе оларды полицейлер тағы та ұстады.

Бірер күн бұрын Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік соты оларды ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Заң бұзушылар Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді және оларға ҚР аумағына кіруге 5 жылға тыйым салынды.

Секталарға қатысу адамның психофизиологиялық әлсіреуіне ғана емес, сыни тұрғыдан ойлау қабілетіне де әсер етеді. СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің заңсыз миссионерлік қызметпен байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмысы жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру