СҚО полицейлері заңсыз жолмен елік атқан күдіктілерді ұстады
СҚО полицейлері заңсыз жолмен елік атқан күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есіл ауданы бойынша «Гусиное» аңшылық шаруашылығының қорықшысымен бірлескен рейд барысында СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Асхат Қожабаев телефон хабарламасын алған. Куәгер Тораңғұл көлінің ар жағындағы егістікте белгісіз адамдар автокөлікпен аң қуып жүріп, елікті атқаны туралы хабарлаған. Хабарлама сол сәтте аудандық полиция бөліміне тапсырылды. Оқиға орын алған жерге жақын маңда Заградовка мен Бұлақ ауылдық округтерінің учаскелік инспекторлары болған. Полицейлер «Audi 80» және «ВАЗ 21060» автокөліктерін басқарған ауданның 1995 және 2000 жылы туған екі тұрғынын ұстады. Олардан екі аңшы пышағы, 12 калибрлі патрон, пневматикалық тапанша мен атыс жарақаты келтірілген және аяқтары сынған еліктің денесі алынды. Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 3-бөлігі (Заңсыз аңшылық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілерге қатысты міндетті келу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды, атыс қаруын іздеу бойынша шаралар қабылданды. Келтірілген шығын сомасы анықталуда.
– Күз кезіндегі аң аулау маусымында орман шаруашылығымен бірлескен рейд күшейтілді, – дейді Асхат Қожабаев. – Полиция бөліністеріне облыстың биоресурстарын браконьерлік жолмен аулаудан қорғауға бағыт берілді. Жұмыс мүдделі ведомстволардың өкілдерімен бірлесе жүргізілуде. Жыл басынан СҚО-да экология саласында 14 қылмыстық іс тіркеліп, аң аулау қағидаларының 393 бұзушылығы анықталды. Ең көп кездесетін бұзушылық – қаруды сақтау, тасылмалдау қағидаларын бұзу мен рұқсат құжаттарының болмауы.