Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жолда қиын жағдайға тап болған тұрғындарға көмектесті

СҚО полицейлері жолда қиын жағдайға тап болған тұрғындарға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

22 қаңтар күні Мамлют ауданындағы Покровка ауылында тұратын бір отбасы – әкесі, анасы және ұлы үшеуі Меңкесер ауылынан мал азығын сатып алып, үйлеріне қайтып келе жатқан кезде мінген «Волганың» тіркемесіндегі дөңгелек жарылған. Жол қозғалысының басқа қатысушыларына кедергі келтірмеу үшін жол жиегімен сағатына 20-30 шақырым жылдамдықпен жүруге тура келген. Осылай құр темір дискімен 50 шақырымды жүріп өткен.

Қуанышқа орай, Афонькино мен Воскресеновка ауылдарының арасында оларды Дубровное ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Әлібек Өсіпов байқап қалды. Тәртіп сақшысы Дубровное ауылындағы әкімшілік учаскесінен Мамлютка қаласына бара жатыпты. Полиция қызметкері ауыл тұрғындарына көмегін ұсынып, ауылдықтардың ұлдарын үйіне дейін жеткізіп салды. Кейін ол ата-анасына оралып, тіркеменің дөңгелегін ауыстырды.

Болған жағдай туралы ауыл тұрғындарының туысы Instagram әлеуметтік желісінде пост жариялапты.

– Мен азаматтарға көмектесуге әрқашан дайын тұратын мейірімді және жанашыр адамдар бар екендігі туралы айтқым келеді. Полиция қызметкерінің сол жерден өтіп кетпей, көмектескеніне ризамыз. Осындай қызметкерлер көп болсын, – делінген жазбада.

Ал қаңтардың 23-нен 24-не қараған түні Челябі – Новосібір автожолында Токуши мен Знаменское ауылдарының арасында Омбыдан келе жатқан петропавлдықтардың көлігінен ақау шыққан. Жүргізушінің айтуынша, өз күштерімен жөндеп алмақ болған, бірақ бұл әрекеттерінен түк шықпаған. Айдалада тұрып қалған көлік тез суып кеткен. Бір сағаттай суықта тұрып қалған қала тұрғындарын СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторлары Сұлтан Қуанышев пен Совет Балтабаев байқайды.

Жол полицейлері облыс орталығынан эвакуатор шақырып, жаураған қалалықтарды техника келгенге дейін қызметтік көлікке жылынуға мінгізген. Кейін машинаны эвакуатордың үстіне шығаруға көмектесті.

– Күнделікті қызметке шығар алдында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлеріне жол үстінде адамдарға көмек көрсету қажет екені айтылады. Азаматтардың осындай алғыс сөздері полиция қызметкерлері үшін өте үлкен қолдау деуге болады. Қызметті мінсіз атқаруға ынталандырады, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру