«STOP-трафик» іс-шарасы: Көкшетауда 39 жастағы әйел қызды жезөкшелікке тартқан
Көкшетауда 39 жастағы әйел қызды жезөкшелікпен айналысуға тартқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«STOP-трафик» республикалық арнайы операциясы шеңберінде Ақмола облысының аумағында жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысуға тартуға байланысты қылмыс анықталды.
22 қарашада Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Көкшетау қаласының 39 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті әйел жәбірленуші қыздың ауыр материалдық жағдайын пайдаланып, оны жезөкшелікпен айналысуға тартқаны анықталды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 308-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс басталды.
Жедел алдын алу іс-шарасы барысында криминалдық және әкімшілік полиция бөлімшелерінің, сондай-ақ көші-қон қызметінің бірлескен күшімен өңір аумағында адам саудасы фактілерін анықтау үшін өнеркәсіп объектілерін, ауыл шаруашылығы аумақтарын, ойын-сауық мекемелерін, монша-қонақ үй кешендерін тексеру бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізіледі.