Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Суда адам құтқару дағдылары бойынша оқыту жүргізіліп жатыр

Алматы облысы ТЖД қоғамдық құтқарушыларды суда адамдардың өмірін құтқару дағдыларына үйрету бойынша оқытуды жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаз айларында суға шомылу маусымы кезінде судағы келеңсіз оқиғалар саны қажетті құралдармен жабдықталған демалыс аймақтарында да артады. Демалыс орындарын жабдықтау және оларды дайындау байыпты көзқарасты талап етеді. Арнайы кадрларды оқытуға ерекше назар аударылуы тиіс. Алматы облысы ТЖД демалыс аймағы иелерінің өтініші бойынша ведомстволық құтқарушыларды суда адамдардың өмірін құтқару дағдыларына үйретеді.

Осы мақсатты жүзеге асыру үшін, үстіміздегі жылдың 26 мен 29 шілде аралығында Алакөл аймағының жедел-құтқару бөлімшесі Алакөл көлінің жағалауында орналасқан “Гранд Вилла” демалыс аймағының құтқарушыларын оқытуды жүргізді. Алдымен құтқарушылар Ж. Дюсетаев, О. Ақжолов, О. Тьютеев қоғамдық құтқарушыларды адамдарды құтқару әдістері бойынша теориялық материалдармен таныстырды. Содан кейін Александров шығыршықты және құтқару шеңберін қолдану дағдылары мен ептілігіне үйрету бойынша практикалық сабақтар өткізілді. Сондай-ақ құтқарушылар қайықты есуді және кеудешемен жүзу әдістерін үйретті.

Құтқарушы-медбике А. Әзімханова суға батқан кезде алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерімен және судан шығарылғаннан кейінгі көмек көрсету алгоритмімен таныстырды. Сондай-ақ зардап шегушінің тамыр соғысының болмауы және болуы кезіндегі іс-қимылдар, реанимациялық іс-қимылдар жүргізу әдістері туралы айтты. Суға батқан кездегі құтқару және алғашқы медициналық көмек көрсету әдістері көрнекі түрде көрсетілді.

Құтқарушылар сонымен қатар құрлықта және суда қармап ұстап алудан босатылып шығу әдістерін пысықтау бойынша жұптық практикалық сабақтар өткізді.

Бүгінгі күні облыс бойынша 60-қа жуық құтқарушы оқытылды. Бұл оқу демалыс аймағында құтқарушыларға суда апатқа ұшырағандарға уақытылы және кәсіби көмек көрсетуге көмектеседі және бұл адам өмірін құтқарады деген үміттеміз.

Алматы облысы ТЖД құтқару тәсілдерін (амалдарын) естеріңізге салады:

– ең алдымен суға батып бара жатқан адамды көргенде, мүмкіндігінше кәсіби құтқарушыларды хабардар ету керек.

– егер мүмкіндік болса, суға батып бара жатқан адамға құтқару шеңберін, үрлемелі матрацты немесе осыларға ұқсас нәрсені тастаңыз.

– егер суға батып бара жатқан адамға қарай жүзуге шешім қабылдасаңыз, сыртқы киімді барынша шешу керек, себебі ол тек кедергі болады.

Қай жағынан жүзіп бару керек:

– суға батып бара жатқан адамға артынан ғана жүзіп келу керек, өйткені суға батып бара жатқан адам стресстік жағдайда болады және іс жүзінде өзін-өзі бақыламайды. Ол өзінің құтқарушысын көп күшпен ұстап, оны судың түбіне тартуы мүмкін.

Қармап ұстап алу және тасымалдау:

Тасымалдау әдістері тек суға батып бара жатқан адамның жағдайына байланысты. Егер суға батқан адам салыстырмалы түрде тыныштықты сақтаса, өз денесін басқара алса және ол құтқарушы адамның кеңестеріне бағынса, онда оны мынандай тәсілмен жағаға дейін жеткізуге болады: ішпен брасспен жүзу керек, ал батып бара жатқан адам артта құтқарушының иығынан ұстап, сонымен бір мезгілде суда жатып, құтқарушыға алға қарай жылжуға аяқпен көмектесуі керек.

Егер суға батып бара жатқан адам есенгіресе немесе үрейге берілсе және оған айтып жатқан нәрселерді түсінбесе, онда тасымалдаудың келесі түрлерін қолданған жөн:

– Адамды бұрып, қолтығынан немесе иектен ұстап өзіңізге қысып ұстаныз. Осындай қалыпта брасс (судан аяқ пен қолды сәл шығарып, бақаша жүзу түрі) тәсілімен аяғымен арқамен немесе бүйірімен жүзіңіз.

– Адамды өзіңізге арқасымен қаратып бұрып, қолтығынан немесе басынан ұстап, осы қалыпта бір бүйіріңізбен брасс тәсілімен жүзіңіз.

– Құтқарылушыны арқаға бұрып, оны қолтығының астынан бір қолмен ұстап, екінші жағынан білегінен орап, бос қолыңызбен және аяқтарыңызбен есіп, бүйіріңізбен жүзіңіз. Бұл тасымалдаудың ең күрделі түрі және ол суға батып бара жатқан адам қатты қорыққан кезде ғана қолданылады.

– Егер адам су айдынының түбіне батса, онда суға сүңгіп, зардап шеккен адам болуы мүмкін су түбімен жүзіп өту қажет. Суға батып бара жатқан адамды тауып, оның қолтығын немесе қолын ұстап алып, содан кейін су түбінен күшпен итеріліп, аяқтарыңызбен және бос қолыңызбен барынша тез жұмыс істеп, су бетіне шығып кету керек.

– Зардап шегушіні судан алып шыққаннан кейін оған алғашқы медициналық көмек көрсету қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру