Талдықорғанда алаяқтар тұрғындарды 16,5 млн теңгеге алдап кеткен
Талдықорғанда алаяқтар тұрғындарды 16,5 млн теңгеге алдап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақпан айының басында Талдықорған қалалық полициясына алаяқтық фактілері туралы арыз түсе бастады. Қала тұрғындары шағымданып, ақшалай сыйақыға пәтер алуға көмектесеміз деген екі жергілікті тұрғынға қатысты шара қолдануды талап етті.
Әрбір факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, қазіргі уақытта бір іс жүргізу үшін олар біріктірілді.
Прокуратураның үйлестіруімен сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша жүргізіліп жатыр.
Күдікті ретінде 28 жастағы ер адам мен 33 жастағы әйел ұсталды. Екеуі де жұмыссыз. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, күдіктілер 450 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін сыйақы талап етіп, мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып беруге уәде еткен.
– Тергеу соты күдікті адамдарды қамауға алуға рұқсат берді. Қазір екеуі де қамауға алынды. Бүгінгі күні 12 жәбірленуші бар, бірақ арыздар әлі де түсіп жатыр. Жәбірленушілер халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарынан тұрады, мәселен тұрғын үйге кезекте тұрғандар, көпбалалы отбасылар және т.б. Бүгінгі таңда келтірілген залал сомасы 16,5 млн теңгені құрады. Бірақ арыз берушілер санының өсуін ескере отырып, бұл сома екі есе артады деп ойлаймыз. Қылмыстық істі тергеу облыстық полиция департаментінің ерекше бақылауында болмақ, – деді Жетісу облыстық ПД тергеу басқармасының бастығы Руслан Чарапиев.