Талдықорғанда болашақ заңгерлерге адам саудасы мен бопсалау қаупі туралы айтылды
Талдықорғанда болашақ заңгерлерге адам саудасы мен бопсалау қаупі туралы айтылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласында Жетісу облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Талдықорған заң колледжінің студенттеріне арналған профилактикалық сабақ өткізді. Кездесу өзекті тақырыптарға — адам саудасына қарсы іс-қимыл және кәмелетке толмағандар арасындағы бопсалаудың алдын алуға арналды.
Болашақ заңгерлерге, әрі мүмкін құқық қорғау органдарының келешек әріптестеріне азаматтарды қылмыстық схемаларға тарту тетіктері жан-жақты түсіндірілді. Шетелде жұмыс ұсыну, жоғары жалақы уәделері мен арзан туристік сапарларға қатысты күмәнді ұсыныстардың қауіптері ерекше атап өтілді. Полицейлердің айтуынша, тартымды жарнамалардың артында үлкен қауіп жасырынуы мүмкін, сондықтан құжаттарды, келісімшарт талаптарын және ақпарат көздерін мұқият тексеру аса маңызды.
Кездесудің тағы бір маңызды бөлігі — жастар ортасындағы бопсалау мәселесін талқылау болды. Студенттерге қандай әрекеттердің қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні және осындай жағдайларда қалай дұрыс әрекет ету керектігі түсінікті тілде жеткізілді.
Іс-шараға 100-ге жуық студент қатысты. Кездесу “ашық микрофон” форматында аяқталып, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен толық жауап алды.
— Профилактика — бұл тек ақпарат беру ғана емес, сонымен қатар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және қауіп-қатерді тану қабілетін дамыту. Адам тәуекелдер мен өзінің жауапкершілігін ерте түсінген сайын, қоғам да соғұрлым қауіпсіз бола түседі, — деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Аталған кездесу жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және жеке қауіпсіздік мәселелеріне саналы көзқарас қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.
