Талдықорғандағы тергеу изоляторына Алматы облысының тәуелсіз комиссиясы келді
Алматы облысы бойынша ҚАЖД қарасты ЛА-155/16 тергеу изоляторына Алматы облысының тәуелсіз комиссиясы келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәуелсіз комиссия мүшелері Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/16 тергеу изоляторында ұсталған, қаңтар айындағы оқиғаларға қатысы бар тергеу-қамауға алынған адамдарды аралады.
Тергеу изоляторының бастығы Арнай Әбдірахманов комиссия мүшелерін тергеудегілерді ұстау шарттарымен, мекеменің барлық параметрлері бойынша белгіленген бейнебақылау, тамақтану және медициналық қамтамасыз ету жағдайларымен таныстырды.
Одан кейін, комиссия қаңтар оқиғаларына қатысы бар тергеу-қамауға алынған адамдарды камералық аралау бойынша жүзеге асырды. Әрбір күдіктімен жеке әңгіме жүргізілді. Нәтижесінде ұстау жағдайларына және мекеме қызметкерлері тарапынан заңсыз әрекеттерге шағымдар мен наразылықтар түскен жоқ.
– Мекемеге тәуелсіз комиссиядан басқа прокуратура, қоғамдық-бақылау комиссиясы және ұлттық алдын алу тетігінің өкілдері жиі келеді. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты және адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық Халықаралық бюроның өкілдеріде тексеріспен келген болатын, – деп атап өтті Алматы облысы бойынша ҚАЖД бастығы Игілік Хасенов.
Қорытындылай келе, комиссия мүшесі Қадыр Бересалған тергеудегі тұлғаларға баруға мүмкіндік бергені үшін департамент басшылығына алғысын білдірді, сондай-ақ ұстау шарттарының белгіленген нормаларға сәйкестігі және күдіктілер тарапынан мекемеге шағымдардың болмауы туралы айтты.