Талдықорғандық полицейлер өз-өзіне қол салмақшы болған кезекті тұрғынды құтқарды
Тәртіп сақшыларының жылдам әрекеті мен жүйелі жұмысының арқасында өзіне-өзі қол салмақшы болған 24 жастағы қала тұрғыны құтқарылды,- деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.
Қаңтардың 6-на қараған түні облыс орталығының Полиция басқармасына қалада салынып жатқан 16 қабаттық құрылыстан ер адам секірмекші екені туралы хабар түскен. «Қаратал» шағын ауданына шұғыл жеткен тәртіп сақшылары 24 жастағы азаматтың тұлғасын анықтап, қайғылы жағдайдың алдын алу шараларын қабылдады.
«Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары 24 жастағы тұрғынның отбасылық жағдайына қатысты талаптарын тыңдады. Сол жерге жігіттің жақындары шақырылып, оның қауіпсіз жерге өтуі қамтамасыз етілді. Сараптама нәтижесі бойынша оның масаң күйде екені анықталды»,- деп атап өтті облыстық ПД баспасөз қызметі.
Алдын ала тергеу бойынша азаматтың отбасылық түсінбестіктен кейін құрылыстың ең биік тұсына шыққаны белгілі болды. Қалалық полицейлер азаматты түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізіп, оны үйіне жіберді.