Талдықорғандық жастар үшін наркология орталығына экскурсия ұйымдастырылды
Талдықорғандық жастар үшін наркология орталығына экскурсия ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көзден таса, көңілден оқшау ұсталатын жабық мекемелердің бірі ретінде саналатын наркология орталығына жастарды апарып, көзімен көріп, санасымен ұғынсын деген идеяны есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел қызметкерлері ұсынды. Уақытша бейімделу және детоксикация орталығының қызметкерлері өз тарапынан шағын экскурсия, нашақорлыққа қарсы тақырыптарда лекциялар мен есірткіге тәуелді науқастармен тікелей сұхбат ұйымдастырды.
– Біз жергілікті жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін осы іс-шараға қатысуға шақырдық. Біздің мақсатымыз – жастарға есірткінің қаншалықты қауіпті екендігін түсіндіру. Экскурсия барысында біздің қызметкерлер мен нарколог-дәрігерлер пікірталас түрінде қонақтарға нашақорлықтың зияны және есірткі бизнесіне қатысқаны үшін жауапкершілік туралы түсіндірді. Жастар екі науқаспен көзбе-көз әңгімелесе алды. Олар өздерінің ауру тарихын және есірткіге қалай тәуелді болғаны туралы айтып берді, – деп атап өтті Жетісу облысы ПД ЕҚҚІКБ бастығы Мұрат Жұмабаев.
Жыл басынан бері өңірде заңсыз айналымнан 30 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Есірткі құқық бұзушылық және есірткі қылмыстарын жасады деген күдікпен 78 адам жауапқа тартылды, оның ішінде 17 есірткі сатушы.