Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тараз тұрғынынан діни мазмұндағы 93 кітап тәркіленді

Тараз тұрғынынан діни мазмұндағы 93 кітап тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласының әуежайында “Шарм әл-Шейх – Шымкент” бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін тексеруден өту кезінде Тараз қаласының 27 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Тексеру барысында одан діни мазмұндағы 93 кітап табылып, тәркіленді. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Жалмағамбет айтты.

– Шымкент станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 3-тармағының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырып, сотқа жолдады. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 50 айлық есептік көрсеткіш (153 150 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды, – , – деді Е. Жалмағамбет.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы көлік полицейлері діни қызмет саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың 13 фактісін анықтады, оның ішінде алты дерек ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабы (Бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн, сол сияқты өзге де өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату) және ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) жеті дерек тіркелген.

Сондай-ақ “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” 2011 жылғы 11 қазандағы №483-IV ҚР Заңының 9-бабының 3-бөлігіне сәйкес, әр атаудың бір данасындағы жеке пайдалануға арналғандарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әкелуді дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін тіркелген діни бірлестіктер ғана жүзеге асырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру