Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда бірнеше рет интернет алаяқтық жасаған ер адам ұсталды

Таразда бірнеше рет интернет алаяқтық жасаған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысының полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бірнеше интернет алаяқтық қылмысын жасады деген күдікпен Шымкент қаласының 20 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Ұсталған адамның заңсыз әрекеттерін ұялы телефоны арқылы жүзеге асырып отырған.

Күдікті интернет алаяқтықты табыс көзіне айналдыра отырып, инстаграмда «Kazakhstan Aidos» аккаунты арқылы азаматтарға елдегі банктердің бірінде несиелерді төмен пайызбен қайта қаржыландыруға уәде берген. Ер адам сенген клиенттерге өзін басқа біреудің атымен таныстырған және растау үшін сол адамның жеке куәлігін жіберген. Жеке куәліктің иесі өзінің деректерін алаяқтың пайдаланғанын кейіннен білді.

Жәбірленушілер өздерінің барлық жеке деректері мен банк картасы туралы мәліметтерін қайта қаржыландыру үшін алаяққа жіберіп отырған. Күдікті алынған ақпаратты пайдаланып, карталарсыз қолма-қол ақшаны алған.

Қазіргі уақытта ұсталған адамның интернеттегі алаяқтықтың тағы да 5 дерегіне қатыстылығы тексеріліп жатыр. Жалпы келтірілген шығынның көлемі 5 млн теңгені құрайды.

Осы деректерге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Істің барлық егжей-тегжейлі мән-жайларын анықтау үшін қажетті жедел-тергеу іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру