Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда есірткіге қарсы мектепаралық би байқауы өтті

Таразда есірткіге қарсы мектепаралық би байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тараз қаласында И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясында мектепаралық “Есірткіге қарсы би” тақырыбында би байқауы өтті.

Ұйымдастырушылар Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, “Нығмет нұры” қоғамдық бірлестігі және Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ болды.

Қатысушы 9 команда халық биі, заманауи билер бойынша жайдары және жарқын есте қаларлық өнер көрсетті. Қазылар алқасы мен көрермендер ұлттық нақыштағы киімдердің ерекшеліктерін және бишілердің кәсібилігін атап өтті.

Полиция қызметкерлері осындай байқаулар үлкен аудиторияда дәріс өткізіп қана қоймай, саламатты өмір салтын қалыптастыруға және жаман әдеттерден аулақ болу үшін дарынды оқушыларды үлгі етіп көрсететін тамаша мүмкіндік екеніне сенімді.

Өйткені, би өнері жастардың күш-қабілетін дамытуға, төзімділікке, ептілікке, икемділікке, қимылдарды үйлестіруге, қиындықтарды жеңуге, ерік-жігерін шыңдауға және денсаулықты нығайтуға үйретеді.

Байқау қорытындысы бойынша 1-орынды “Бозторғай” тобы (№15 мектеп), 2-орынды “Шұғыла” тобы (№39 мектеп), 3-орынды “Eastean Queens” тобы және “Әдемі- ай” тобы (№39 мектеп) иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлделі орын иелеріне арнайы сыйлықтар, ақшалай сертификаттар, алғыс хаттар табыс етілді.

– Біздің басқарма есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында есірткіге қарсы түрлі іс-шаралар өткізеді. Біз бірден бірнеше форматты таңдаймыз және бүгінгідей көңілден шығатын әрекет пен пайдалы әрекетті біріктіруге тырысамыз. Мүмкіндікті пайдалана отырып, бір жағынан оқушыларға, ата-аналарға, мұғалімдерге мерекелік көңіл-күй сыйлаймыз, сонымен қатар нашақорлықтың алдын алу туралы да айтамыз, – деді облыстық ПД ЕҚҚІҚБ бастығы Әлім Бажықбаев.

Полиция қызметкерлері қатысушыларды есірткі және психоактивті заттарды сақтау, сату, өткізу, жарнамалау деректері туралы білсе, “Narko Shekteu Taraz” анонимді Telegram-боты арқылы немесе “102” нөмірі бойынша хабарлауға шақырды. Сондай-ақ анонимділік пен құпиялылыққа кепілдік берілетіндігін ескертті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру