Таразда "Есірткіге қарсы спорт" атты шағын футбол турнирі өтті
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында және "Қарасора-2026" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Тараз қаласында "Есірткіге қарсы спорт" ұранымен шағын футболдан турнир ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Тараз қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің "Жастар ресурстық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі және "Нығмет нұры" қоғамдық бірлестігі жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес бірлесіп өткізді.
Турнирдің негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және жастар арасында есірткінің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту.
Жарысқа 16 мен 35 жас аралығындағы жастардан құралған білім беру ұйымдары мен жастар бірлестіктерінің командалары қатысты. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, командалық ұйымшылдықты және жеңіске деген жігерін көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды "Тараз-Ғасыр" колледжінің командасы иеленді. Екінші орын "Парасат" колледжінің командасына бұйырса, үшінші орынды Жоғары Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің командасы жеңіп алды.
Сондай-ақ жарыс барысында үздік ойыншылар анықталды. Турнирдің үздік ойыншысы аталымын Анарқұл Айдын жеңіп алса, үздік қақпашы болып Жұматай Ұлан, ал үздік қорғаушы болып Дексен Адият танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, медальдармен, кубоктармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық іс-шаралар жастардың бойында салауатты өмір салты құндылықтарын қалыптастыруға, денсаулықты нығайтуға, спортқа қызығушылықты арттыруға және есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.
