Таразда қараусыз ғимараттан жасырын қару-жарақ орны табылды
Таразда қараусыз ғимараттан жасырын қару-жарақ орны табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қаңтарда облыстық экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен жүргізілген іздестіру іс-шаралары барысында Тараз қаласындағы қараусыз тұрған жер телімдерінің біріндегі ғимараттан жасырын қару-жарақ орны табылды.
Табылған орыннан қаңтар оқиғасы кезінде полиция департаментінен ұрланған 12-ші калибрлі Masai Mara тегіс ұңғылы бірауызды аңшы мылтығы, 18х45мм калибрлі Стражник МР-461 травматикалық тапаншасы, 4,5мм калибрлі Gamo PT-80 пневматикалық тапаншасы, 5,45х18мм калибрлі 179 дана оқ-дәрі алынды.
Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігімен (Қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз иемдену, жасау, беру, сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Барлық қаруларға сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды. Жыл басынан бері жамбылдық полицейлер әртүрлі калибрлі 21 бірлік қару мен мыңнан астам оқ-дәрі тауып, тәркіледі.