Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тәртіп сақшыларының кеудесіне мемлекеттік медаль тағылды

Түркістан облысында полиция қызметкерлері атқарған еңбектеріне сай марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Адамзат баласын әбігерге салған қауіпті коронавирус инфекциясымен тұтас ел болып күресудеміз. Әр адам бұл күреске өз үлесін қосып келеді. Бірі сақтық шараларын қолданса, енді бірі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Әсіресе осы ретте дәрігерлер мен тәртіп сақшыларының үлесі аз емес. Олар өз міндеттерін орындай отырып, алдыңғы шепте қызмет етті. Тәуліктеп блокбекеттерде тұрды. Өздеріне бекітілген аудан аумақтарының барлығын патрульдеп, індеттің қауіпті ошақтарын күзетте ұстады. Барлық сауда орындары, орталықтары мен адамдар көп шоғырланған мекендерді жіті тексеріп, карантин талаптарының сақталуын қатаң қадағалады. Сондықтан осы орайда бірқатар полиция қызметкерлері атқарған еңбектеріне сай марапатталды. 

Нақтырақ айтар болсақ, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен “Халық алғысы” медалі Қазығұрт АПБ-нің учаскелік полицейі Нуриддин Тошаев пен Арыс АПБ учаскелік полицейі Пернебек Біржановтардың кеудесіне тағылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығымен Жетісай ауданының әкімі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін “Халық жанашыры” алғысын Жетісай АПБ бастығы Ермахан Абдраманов пен аталған бөлімнің патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы Бекзат Ботабековке, учаскелік полицейі Әділхан Муфтиллаевке табыстады.

Жақында ғана із-түссіз кеткен қос бүлдіршінді тапқан полицейлер, Арыс АПБ учаскелік полицейі Марс Асанбаев пен Айдос Тұрсынбайларға ҚР ІІМ-нің бұйрығымен “Құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалі берілді.

Өз кезегінде біз де өмірлерін қатерге тігіп, індетпен күрескен және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп келе жатқан қызметкерлерді алған марапаттарымен құттықтаймыз. Олардың жанкешті ерліктері кез-келген құрметке лайық деп білеміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру