Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Татулықты ту еткен Әбдібековтер әулеті

Түркістан облысы Ордабасы ауданында тұратын Әбдібековтер әулетінде үш бірдей полиция қызметкері бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Отағасы Серік Әбдібек пен жары Жұпаргүл Сырбаева және ұлдары Қадыр.
Отағасы Серік Берікұлы Ордабасы өңірінің тумасы.

Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының Ордабасы ауданы бөлімі бастығының лауазымында қызмет атқарып, 2012 жылы зейнеткерлікке шыққан. Ал зайыбы Жұпаргүл Ордабасы АПБ Штаб тобының аға инспекторы. Жұпаргүл Абибуллақызы 2004 жылдан бері ішкі істер саласында қызмет етіп келеді. Полицейлер отбасының жолын ұлы Қадыр Серікұлы да жалғастырып жатыр. Қадыр Шымкент қаласында жылдам қимылдайтын жасақтың полицейі, полиция лейтенанты. Бүгінде екі ұл мен бір қызды тәрбиелеп отыр.

Әбдібековтер әулеті тек татулықты ту етіп қана қоймай, білімге, саулыққа ерекше бет бұрған жандар. Мәселен Қадырдан кейінгі ұлы Мұқасан болашақ өрт сөндіруші болса, қыздың үлкені Ақниет фармацевт болып жұмыс істейді. Одан кейінгі қызы Тоғжан да медицина саласын таңдаған. Тоғжан медициналық академияның 7-курс студенті, Ақжан мен Шырай және кенже ұлы Шахкерім мектеп қабырғасында білім алады.

– Жанұямызда қандай да бір шешілуі қиын мәселе болып қалса, әкемізге бірінші болып айтамыз. Содан соң әкемнің сөзімен бірлесіп, бірге шешуге атсалысамыз. Қандай да бір мереке, қуаныш болмасын, бір-бірімізбен қауышуға асығамыз, – дейді балалары.

Ерлі-зайыпты Серік пен Жұпаргүлдің отау құрғандарына биыл 18 жыл толып отыр. Төрт қыз бен үш ұлды тәрбиелеп өсірген көп балалы ата-ана, төрт немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже.

– Қызметте отбасын құрған жастарға көңіл бөліп отырамын. Қажет кезінде ақыл кеңесімді айтамын. Бірде әріптесімнің ұлымен арасында қиындықтар туындап, шаңырағы шайқалуға шақ қалған болатын. Оны мен әріптесімнің қас қабағынан байқадым. Содан соң ұлын оңашада шақырып алып, пікірін тыңдап, мәселесіне зер салдым. Оның тілінде сөйлесіп, психолог ретінде көмегімді ұсындым. Тіпті дос секілді сөйлесіп, баланың қандай күйде екендігін білдім. Соған қарай достық ниетпен, аналық ақ жүрекпен бір-бірімізді тез түсіндік. Оның отбасын өзінен жоғары қоятын бала екендігін алға тартып, қолдау білдірдім. Міне содан соң әлгі әріптесім баласының қайтадан жақсы жаққа өзгергенін айтып, көпке дейін алғысын білдіріп жүрді. Менде көмегімнің өзгелерге тигеніне қуандым. Себебі мемлекеттің тірегі – отбасы. Үлкен мемлекет шағын отбасыдан құралады және отбасын ұстап тұру тек отағасына емес, отанасы да қатысты. Жаманды жасырып, жақсылықты асырып, ұл-қыздарымызға, жалпы қоғамға үлгі бола білуіміз керек, – дейді Жұпаргүл.

Осылайша біз ынтымағы жарасқан тағы бір полицейлер шаңырағының қашанда биік, керегесі кең екендігіне куә болдық. Отбасы мүшелерінің бір-біріне деген бауырмашылдығы мен татулығына да іштей риза болдық. Атаның қанымен, ананың ақ сүтімен келетін қасиеттерін бойына сіңіре білген Жұпаргүл Абибуллақызына қызметте биік белестерден көрінуіне сәттілік тіледік.

Өз кезегінде полиция подполковнигі барша отбасыларды мерекемен құттықтап, әр шаңыраққа татулық пен береке тіледі. Отбасы мерекесі құтты болсын!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру