Тазалық шараларын қабылдамаған басшылар жауапқа тартылды
Павлодар облысында іргелес аумақты тазарту бойынша шаралар қабылдамаған басшыларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Тексеру барысында өздеріне бекітілген учаскелерде тазалық жұмыстарын жүргізбегені үшін жеті пәтер иелері кооперативінің төрағасы мен тоғыз мердігерлік ұйымның басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 300 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін шиномонтаж шеберханасының иесіне 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Тағы бір жауапкершілігі шектеулі серіктестікке 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Бұған дейін оған жауапкершілік туралы хабарланып, іргелес аумақтағы қарды уақтылы жинамағаны үшін ескерту жасалған еді. Қаланың дәмханалары мен мейрамханаларының басшыларына іргелес аумақты абаттандыру ережелерін сақтау, қарды уақтылы шығару туралы 700 жазбаша ұйғарым берілді, – деді Павлодар қаласының ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Арман Қаптаев.
Коммуналдық қызметтер жолдарды күнде тазалайды, бірақ кәсіпкерлер мен жеке үйлердің тұрғындары өз алаңдарын тазалауды елемейді. Осыған байланысты шағын және орта бизнес объектілерінің, қалалық базарлардың, сондай-ақ үй маңындағы аумақтардың қары мен мұзын уақтылы тазалауды қадағалау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
Полицейлер басты міндет – айыппұл салу емес, ескерту екенін атап өтті. Сауда орталықтарының, дүкендердің, дүңгіршектердің, сұлулық салондарының, мейрамханалардың, барлардың және басқа да мекемелердің иелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес ғимараттың төңірегінде бес метрлік радиуста орналасқан аумақтағы қарды тазартуы тиіс.
Жыл басынан бері облыс полицейлері абаттандыру ережелерін бұзудың жеті мыңға жуық дерегін анықтады.