Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түрмеде қиылған неке

Шығыс Қазақстан облысында түрмеде неке қиылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ғашық жұптар өз сезімдерін заңдастыруға және некеге тұруға ұмтылады. Бірақ өмір болған соң әдеттегі жағдайлардан басқа да өзгеше жағдайлар болып тұрады.

Сотталған адамға жеке өмірін қалауынша құру үшін және некесін қиып, оны тіркеуіне «жаза өтеy» мен «темір тор» кедергі келтірмейді.

Тек мұндай жағдай — сотталған күйеу баланың қалыңдыққа неке сақинасын сыйлай алмайтынымен, неке қию рәсіміне көп қонақтардың бара алмауымен ерекшеленеді.

Осындай жағдай ШҚО ҚАЖД ОВ 156/6 түзеу мекемесінде болды. Шемонаиха аудандық АХАЖ бөлімінен барған маман тор артындағы ғашық жігіттің некесін қиып, ерлі-зайыпты деп жариялау үшін құжаттарын рәсімдеп берді.

Қалыңдықтің есімі – Әлия, жасы 29-да. Ата-анасымен тұрады. Өзінің сүйікті ісімен айналысады, фабрикада кондитер болып жұмыс істейді. Некесі қиылған күнге арнап өз қолымен тәтті торт жасап әкелген. Әлияның айтуынша, ауыр қылмыс жасап, 9 жылға бас бостандығынан айырылған адаммен өзінің некеге тұратынын ата-анасы біледі және ешқандай қарсылығы жоқ.

Арманның жасы 32-де. Жаза мерзімін өтеп жатқанына биыл 4 жыл. Әлияны жастайынан таниды, өзі пысық, қарапайым.

Өмір болғасын, қателікті әр адам жіберуі мүмкін. Жаза мерзімімді толық өтесем де қорықпаймын, өйткені бостандықта мені жақсы көріп, күтетін жандардың бар екенін білемін, – деп сезімін білдіріп, қуаныштан көзіне жас алды Арман.

Әлия Арманның ата-анасымен жақсы, жылы қарым-қатынаста. Осындай бақытты сәттерінде туған-туысқандарының қасында жоқ болғанына өкініштерін білдірді.

Неке сақинасы орнына сымнан жасалған сақина өте қымбат, өйткені күйеуім өз қолымен, жан дүниесімен жасады, – дейді Әлия.

Мекеме басшысы М.М.Сейтахметовтің айтуынша, түрме тарихында сотталған кісі сүйген адамымен тағдырын байланыстырып, өмірін қайта құрып, мерзімінен бұрын босатылған кездер көп болған.

Осы түрменің қабырғасында жыл басынан бері екі неке қиылыпты. Неке қию рәсімінен кейін қалыңдық пен күйеу бала ұзақ мерзімді кездесу бөлмесінде заңды ерлі-зайыпты ретінде екі күн бірге тұрады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру