Теміртауда ер адам зейнеткердің банк картасын ұрлап, ақшасын шешіп алған
Теміртауда ер адам зейнеткердің банк картасын ұрлап, ақшасын шешіп алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 қыркүйекте 65 жастағы қала тұрғынынан Қарағанды облысы Теміртау қаласының ПБ Шығыс полиция бөліміне арыз түсті. Зейнеткер белгісіз біреудің банктік картаны ұрлап кеткенін, одан шоттағы барлық ақшаны – 72 мың теңгені шешіп алғанын жеткізді.
Белгілі болғандай, ер адам көпқабатты үйдің ауласында болған кезде оған бейтаныс адам жақындаған. Жәбірленушіні әңгімемен алаңдатып, зейнеткердің пальтосының қалтасынан банк картасын ақырын шығарып алған. Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
20 қыркүйекте жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметінің қызметкерлері күдікті – 30 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындап, айғақты зат – банк картасы тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.