Теміржол төсемін белгіленбеген жерден өткен 7 мыңға жуық адам жазаланды
Елімізде жыл басынан бері 7 мыңға жуық азамат теміржол төсемін белгіленбеген жерден өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың бірінші тоқсанында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері белгіленбеген жерлерден темір жолдарды кесіп өткені үшін 6780 тұлғаны анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуынша, азаматтардың теміржол көлігі нысандарында қауіпсіздік ережелерін бұзуына байланысты адамдарды қағып кету фактілері тіркелуде. Жыл басынан бері 13 азамат пойыз астына түскенін, оның 8-і жарақат алғанын және бес факт адам шығынымен аяқталған.
– Мәселен, 28 наурызда Қызылорда – Белкөл аралығында жолаушылар пойызы 41 жастағы әйел адамды жанай қағып кетті. Ол Қызылорда қалалық ауруханасына жеткізілді. Тексеру барысында әйелдің теміржол төсемін белгіленбеген жерден өткені анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 344-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік полицейлері теміржол жарақаттарының алдын алу мақсатында жолаушылар пойыздарында, оқу орындарында үнемі профилактикалық іс-шаралар өткізіп тұрады. Соның нәтижесінде осы кезеңде кәмелетке толмағандар мен кішкентай балалардың теміржол жарақаттарын алғаны туралы бірде-бір факт тіркелген жоқ. Біз тағы да ересектер мен балаларды аса қауіпті аймақ болып саналатын темір жолда жеке қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Темір жолдан тек арнайы жабдықталған жерлерден ғана өтіңіздер, – деді М.Айтуғанов