Террористік акт бойынша көрінеу жалған хабарлама берген астаналыққа қылмыстық іс қозғалды
Астана тұрғыны терроризм бойынша көрінеу жалған хабарлама бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ер адам «102» арнасына қоңырау шалып, Тәжікстанның белгілі бір азаматы пәтерде террористік акт ұйымдастыратынын айтты.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде Астана қаласы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жалған хабарлама берген қаланың 41 жастағы тұрғынын анықтады.
Аталған факті бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бергені үшін қылмыстық іс қозғалды.
Жалған ақпарат берген азаматтың ауырлығы орташа дәрежедегі мас күйінде болғаны анықталды. Ол Астана қалалық ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицейлер жалған хабарламалар ауыр қылмыс болып саналатынын ескертеді. Дайындалып жатқан терроризм актісі туралы хабар бес мың АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе бес жылға дейінгі мерзімге шектеу не бас бостандығынан айыру түрінде жазаланады.
Кейбір азаматтар арнайы қызметтерді тартуға, азаматтарды эвакуациялауға және келіп түскен қатерлерді тексеруге байланысты келтірілген материалдық залал үшін жауапкершілікті білмей, жалған хабарламаларға жеңіл қарайды.
Мұндай әрекеттер көбінесе полиция мен басқа қызметтердің маңызды күштерін қылмыстарды ашу үшін пайдалануда кедергісін келтіреді.