Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Тоқта, вандал!”: Астана полициясы қала мүлкін сақтауға шақырады

Астана полициясы қала мүлкін сақтауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Вандализм, ғимараттар мен мүлікті бүлдіру – қоғамдағы проблемалардың бірі. Себебі мұндай әрекеттер қаланың көркеюіне кері әсерін тигізеді. Тіпті, шалғай аймақтардан бөлек, елорданың өзінде полиция қызметкерлері аталмыш фактілерге жиі куә болып жатады.

Ұстамсыздық пен шектен тыс агрессияның көрініс табуы заң мен тәртіпті бұзып қана қоймай, айналадағыларға айтарлықтай зиян немесе шығын келтіруі мүмкін.

Мәселен, 16 тамыз күні түнгі уақытта Астана тұрғыны ғимараттардың бірінен шығып келе жатып, құны жарты миллион теңгеден асатын есікті сындырған. Ер адамның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Мемлекет басшысы елдегі тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Оның тапсырмасы бойынша биыл вандализм актілері, қоғамдық және жеке мүліктің бүлінуі үшін жауапкершілік күшейтілді.

– Вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жасаған жолдауында.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін елорда көшелеріне күн сайын 2 500-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері кезекшілікке шығады. Қоғам белсенділері және еріктілермен бірлесіп, тұрақты негізде “Тоқта, вандал!” акциясы өткізіледі.

“Нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны, адамды қорлағаны, ғимараттар мен өзге де нысандарды бүлдіргені және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік, яғни 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.

– Құрметті азаматтар! Сіздерді қоғамдық тәртіпті сақтауға және қала мүлкіне ұқыпты болуға шақырамыз. Кез келген құқық бұзушылық анықталып, соңы жауапкершілікке әкелетінін ұмытпаңыздар! Ішкі тәртіп, заңға және басқа адамдардың құқықтарына құрметпен қарау – бұл қазақстандық қоғам ұмтылуға тиіс нормалар, – деді Астана қаласы ПД патрульдік полиция полкінің инспекторы Ернат Қоңырбай.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру