Түнгі рейдтер: Алматыда полиция кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қадағалауда
Алматы қаласында кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз түнгі уақытта көшеде жүру деректерін анықтауға бағытталған профилактикалық рейдтік іс-шаралар күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Осындай тексерулердің бірінде полиция қызметкерлері кешкі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдерді анықтады. Тәртіп сақшылары оларға профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тек заң аясында тиісті шаралар қабылдаумен шектелмей, бірден кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен телефон арқылы байланысқа шықты. Әңгіме барысында орын алған жағдай түсіндіріліп, балалардың қауіпсіздігіне қатысты ата-аналардың жауапкершілігі еске салынды.
Мұндай тәсіл түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдерге жедел ден қоюға ғана емес, сонымен қатар ата-аналарды балаларының тәрбиесі мен қауіпсіздігіне тікелей тартуға мүмкіндік береді.
Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, әрбір ата-ана баласының қайда жүргенін және кіммен араласатынын нақты білуі тиіс.
- Әсіресе түнгі уақытта баланың жүрген жері ата-ананың тұрақты бақылауында болуы қажет. Түнгі көше – қауіп-қатер деңгейі жоғары орта. Біздің мақсатымыз – жазалау емес, ықтимал келеңсіз жағдайлардың алдын алу және осындай тікелей байланыс арқылы ересектердің жауапкершілігін арттыру. Бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды, – деді Тимур Ноғайбаев.
Алматы полициясы ата-аналарды балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың жүрген ортасы мен араласатын ортасына ерекше назар аударуға шақырады. Әсіресе кешкі және түнгі уақытта балалардың қауіпсіздігі әрдайым басты назарда болуы тиіс.
