Тұрғынның үйінен миллионға жуық ақшасы ұрланды
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері зейнеткердің миллион теңгеге жуық ақшасының ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тайынша ауданының 1952 жылы туған тұрғыны үйінен 900 мың теңге сомасындағы жинаған зейнетақысы жоғалғандығын айтып, полицияға арызбен жүгінген. Бірер күн бұрын үйінде түрлі тауарлар ұсынған бейтаныс әйелдің болғаны анықталды. Зейнеткер төсек жиынтығын, ыдыс-аяқ сатып алған. Бейтаныс әйел ертеңіне де келген. Үш күн өткен соң жәбірленуші ақшасының жоғалғандығын анықтап, полицияға хабарласқан. Жедел уәкілдер әйелдің болған жерлерін анықтауда орасан жұмыс атқарды. Әйелдің ізі Көкшетауға әкелді. Аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің Ақмола облысына іссапары барысында күдікті ұсталды. Ол Молдова Республикасының 1988 жылы туған азаматшасы болып шықты. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге қатысты келуі туралы міндеттеу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Зардап шегушінің шығыны толығымен қайтарылды.
– Қылмыскерлер үй иесін әңгімеге тарту, айналасын шолу үшін түрлі сылтаумен үйге кіріп алады, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров. – Әсіресе, жалғыз тұрып жатқан зейнеткерлердің үйлерін торуылдайды. Алдап-арбау және ұрлау фактілері жайлы егде жастағы туыстарға айтып отыру қажет. Үйде қомақты ақшаны сақтамаған абзал. Барлық жағдайда бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста сақ болған жөн.