Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы сенбілікке шықты
Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы сенбілікке шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тазалық – денсаулық кепілі дегендей, түркістандық тәртіп сақшылары сенбілік өткізді. Тазалық жұмыстарын жүргізуге 30-ға жуық қызметкерлер қатысып, барынша белсенділік танытты. Ұжым болып, жарыса жұмыс істеген олар өздерінің ауызбіршілігі мен қала тазалығы үшін жасалатын іске бей-жай қарамайтындықтарын көрсетті. Бір тобы аулалардағы қураған шөптерді шауып, қоқыс жәшігіне жинаса, келесілері ауланы сыпырып, ағаш түптерін әктеді.
Негізінде облыс орталығы болған Түркістан қаласының көрікті де әсем қала болуы үшін, әрбір мекеме өз ғимараттарының айналасын таза ұстап, қызметкерлерін жұмылдырып, сенбіліктер ұйымдастырып отыру керек.
Сондықтан, полицейлердің бұл бастамасы өте құптарлық іс. Және атап өтер жайт, алдағы уақытта Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысының талаптарын сақтай отырып, аптаның әр сенбі күні Нышанов көшесі (С.Ерубаев көшесінен О.Жарылқапов көшесіне дейін аралықта) қоқыстан тазарту, тал егу, талдарды әктеу, сырлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.