Түркістан облысында 3,5 мыңға жуық адам дактилоскопиялық тіркеуден өтті
Түркістан облысында 3,5 мыңға жуық адам дактилоскопиялық тіркеуден өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының аумағында жыл басынан бері Қазақстан Республикасының жеке куәлігі мен төлқұжаты 13 887 азаматқа ресімделді. Оның ішінде 3469 қазақстандық жеке тұлғаларды биометриялық сәйкестендіру автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы дактилоскопиялық тіркеуден өз еркімен өтті. Оның 3284-і ересек адам болса, 185-і 16 жасқа дейінгі жас буын. Бұдан басқа, облыс аумағында уақытша және тұрақты тұруға, сондай-ақ арнайы шақыру мен визаға өтініш берген 386 шетелдік міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтті.
Көші-қон қызметінің полицейлері атап өткендей, дактилоскопиялық тіркеуден өту кезінде шетелдіктерде немесе азаматтығы жоқ адамдарда жеке басын куәландыратын құжат, ол болмаған кезде растау және дактотіркеуге жіберу туралы анықтама болуы тиіс.
Бұл рәсімдер көші-қон қызметінің бөлімшелерінде жүргізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрақты және уақытша тұруға рұқсаттарды, ҚР визаларын, тұруға ықтиярхатты, баспана іздеп жүрген азаматтығы жоқ адамның куәліктерін және басқа да құжаттарды ресімдеу немесе қалпына келтіру кезінде міндетті түрде дактилоскопиялық тіркеу жүргізіледі.
ҚР азаматтары үшін жеке басын куәландыратын құжаттарды алған кезде олардың келісімімен ерікті түрде дактилоскопиялық тіркеу көзделген.