Түркістан облысында 79 шетелдік елден шығарылды
Түркістан облысында 79 шетелдік елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденовтің тапсырмасына сәйкес, өңірге заңсыз келген және осында тұрып жатқан шетелдіктерді, оған қоса заңсыз көші-қон арналары мен оларды ұйымдастырушыларды анықтау мақсатында «Заңсыз келуші-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Түркістан облысының полицейлерімен аталған профилактикалық шараның төрт тәулігінде Қазақстан Республикасына келу, болу және кету Ережелерін бұзған 949 шетелдік пен ел азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оның ішінде 670-і шетелдік, 279-ы Қазақстан Республикасының азаматы. Ал 79 шетелдік сот шешімдерімен ел аумағынан аластатылды. Бұдан басқа 151 шетелдіктің Қазақстан Республикасы аумағында болу мерзімдері қысқартылса, 25 шетелдік қабылдап-тарату мекемесіне орналастырылды.
Ал өзге елдің азаматын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен – 225, шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 44 Қазақстан азаматы анықталып, ӘҚБтК-нің 518-бабы (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы), 519-бабы (Шетелдік жұмыс күшін және еңбекші көшіп келушілерді Республиканың заңнамасын бұза отырып тарту) талаптарын бұзғандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, сарыағаштық полицейлермен ҚР ҚК-нің 392-бабымен бір қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.