Түркістан облысында әйел көршісінің банк картасын ұрлап кеткен
Түркістан облысында әйел көршісінің банк картасын ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz
Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын әйел шағымданды. Ол арызында үйіндегі сөре үстінде тұрған банк картасын белгісіз біреудің жымқырып кеткенін көрсеткен.
Аталған жайтты созақтық полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді.
Осы іс бойынша полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Іздестірудің нәтижесінде күдікті әйелді анықтады. Ол жәбірленушінің көршісі, жас әйел болып шықты.
Анықталғандай, күдікті келіншек көршісінің құрылыс жүріп жатқан үйіне көмектеспек болып барады. Сол сәтте ол сөреде тұрған банк картасы мен құпия санын байқап, оны қолды қылған. Содан банкоматтан ақшаны алып, өз пайдасына жаратқан. Келтірілген шығын көлемі 100 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.