Түркістан облысында алаяқтық жасаған күдікті әйел ұсталды
Отырар ауданының полицейлері тұрғындарға қайтарымсыз несие алып беремін деп алаяқтық жасаған әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар ауданы ПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын айтып шағымданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, танысы өткен жылдың наурыз айында кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз 585 мың теңге ақша шығарып беремін деп сеніміне кіріп, жәбірленушіден 60 мың теңге алған. Ал танысы болса, ақша алғаннан кейін жасырынып, уәдесін орындамай, ақшасын қайтармай әбігерге салған.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтап, оны ПБ-ға жеткізді. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері ұсталған әйелдің алдау жолымен алған ақшаны өзінің қажеттілігіне жаратып жібергенін анықтады. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.