Түркістан облысында аудандық пробация қызметкерлері сотталғандарға азық-түлік таратты
Түркістан облысында аудандық пробация қызметкерлері сотталғандарға азық-түлік таратты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Жетісай аудандық пробация бөлімінің қызметкерлері пробация есебінде тұратын бес сотталған азаматтың отбасына азық-түлік таратты.
Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беріп, мейірімділік таныту арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Қайырымдылық көмек жасауды игі дәстүрге айналдырған Жетісай аудандық пробация қызметі мұқтаж жандарға жақсылық жасап, қайырымдылық көмек көрсетті.
Пробация қызметкерлері аудандық Жұмыспен қамту және Әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп, пробация қызметінің есебінде тұрған жағдайы төмен отбасыға демеушіліердің атынан азық-түлік таратты.
– Әрине, пробация қызметінің есебінде тұратын адамдардың басында әртүрлі қиындықтар бар. Біз демеушілердің ұсынған азық-түлігін тағдырдың сынына ұшыраған сотталғандарға беруді жөн санадық. Осындай істі атқарудағы басты мақсатымыз – пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қоғамға бейімделіп, құқықбұзушылықтың алдын алу болып табылады. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. «Қайырымдылық жасауды қаржылай көмек көрсету ғана» деп ұқпау керек. Сөзбен де, іспен де, басқа жолдармен де қайырымдылық жасау әрбір адамның борышы. Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігің жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?! – деді Жетісай аудандық Әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов.
Пробация қызметінің құрылғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Осы қызметтің қызметкерлері жұмысқа кіріскен кезден бастап халықтың ыстық ықыласы мен алғысына бөленіп келеді.
– Пробация қызметі есебінде тұрған жағдайы төмен отбасыларға қолымыздан келгенше көмек қолын созуға тырысамыз. Себебі, олар көмекке мұқтаж. Осылай көмек көрсету арқылы сотталғандарды қоғамға араласуға бейімдейміз. Сонымен қатар, жақсылық жасау қазақ халқының баяғыдан келе жатқан салты. Жақсылық жасау арқылы мұқтаж адамдарға жанашырлық танытамыз. Пробация есебіндегі азаматтар арасында жағдайы төмен отбасылар бар. Есептегі азаматтар болған соң, бәрінің жағдайы алақандағыдай белгілі. Сол себепті үнемі азық-түлік таратып, әлеуметтік көмек түрлерін көрсетуге тырысып келеміз. Сондай-ақ, пробация қызметінің негізгі мақсаты, қайта қылмыстың алдын алу, есепте тұрған азаматтарды қайта қоғамға бейімдеу болып табылады. Осындай қайрымдылық шарасы осымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да игі істер жасау жоспарда бар, – деді Жетісай аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Дилшат Назаров.
– «Екі қолға бір күрек» деп қолдан келген жұмысқа орналасқан едім. Жұмысқа тұрғанда келісім-шарт жасамай, жұмысқа кірісіп кеттім. Ол жерде екі ай жұмыс істедім. Бірақ, жасаған жұмысымның ақысын бермеді. Әйелім бала тәрбиесімен үйде отыр. Содан не керек, оңай олжаға кенелмек болып, ұрлық жасадым. «Ұрлық түбі қорлық» деп бекер айтпаған екен ата-бабамыз. Пробация қызметінде тіркеуде тұрғаныма бір жылдан асты. Әрине, жасаған ісіме өкінемін. Менің түзелу жолыма үлкен септігін тигізген Жетісай аудандық пробация қызметінің қызметкерлеріне алғыс айтамын. Отбасымызға азық-түлік себетін беріп, жұмысқа орналасуыма мүмкіндік жасады, – дейді сотталған Еркін есімді азамат.