Түркістан облысында ауылдасын тонаған күдіктілер ұсталды
Созақ ауданының полиция қызметкерлері ауылдасына ішімдік ішкізіп, тонап кеткен үш күдікті ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Созақ ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда өзінің сырттай таныстары екі бас қойын тонап, 150 мың теңге шығын келтіргенін көрсеткен.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Хабар алысымен оқиға орнына шыққан полицейлер күдіктілерді құрықтау мақсатында қажетті шаралардың барлығын атқарды. Оқиға орнын мұқият тексеріп, күдікті ер адамдардың баруы мүмкін жерлерді тексерді. Осылайша, тәртіп сақшылары жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктілерді тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Олар жәбірленушінің ауылдасы, яғни жергілікті тұрғындар болып шықты.
Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, жәбірленуші ер адамның Созақ ауданы Шолаққорған ауылынан 15-20 шақырымдық жерде орналасқан мал қорасына сырттай таныстары келіп, үйінің есігін бұзып, ішке кірген. Содан соң өздерімен бірге алып келген спирттік ішімдікті үй иесіне қинап ішкізіп, қорасының артындағы алюминий сымдарын сұраған.
Жәбірленуші оны бере алмайтынын айтқан сәтте, күдіктілер орнына қой сұрап, оған күш көрсеткен. Осы кезде күдіктінің бірі қорасындағы қойларының ішінен екі бас уақ малды алып шығып, өздерімен бірге алып кеткен.
Бүгінгі таңда күдіктілерден қолды болған қойлар тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды.