Түркістан облысында бақташы 16 млн теңгенің малын сатып жіберген
Түркістан облысында бақташы 16 млн теңгенің малын сатып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның мал бағатын бақташыларының бірі сеніп тапсырылған асыл тұқымды қойларының ішінен әрқайсысы 70 мың теңге тұратын 200-ден астам малын талан-таражға салған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 16 млн теңгеден асады.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша тіркеуге алды. Анықталғандай, күдікті жәбірленушінің бақташысы Арыс қаласының тұрғыны болып шықты.
Сезікті 2021 жылдан бастап бағып жүрген малдарын, яғни бөтеннің мүлкін шетінен сата берген. Ол өзінің несиелері мен қарыздарын өтеу үшін қылмысқа барғанын мойындады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.