Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы академиясында қызмет бабында қаза тапқан полицейлерге ескерткіш ашылды

Алматы академиясында қызмет бабында қаза тапқан полицейлерге ескерткіш ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясында ҚР егемендік алған 30 жылдың ішінде қызмет бабында қаза тапқан академия түлектеріне арналған ескерткіш ашылды.

Алматы академиясының алдына орнатылған мемориалды ескерткіштің тас тұғырына 32 полиция қызметкерінің есімі қашалып, ескерткіштің екі қанатына олардың суреттері қойылған.

Салтанатты түрде ашылған еске алу іс-шарасына ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Саденов қатысып, сөз сөйледі.

– Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында ашылған ескерткіш халық тыныштығы үшін құрбан болған әріптестерімізге деген құрмет. Мемориалды ескерткіш тасқа есімдері жазылған полиция қызметкерлері – өмірлерінің соңына дейін Отан алдында қабылдаған анттарына адалдық танытқан бейбіт күннің батырлары. Алматы академиясында ашылған бұл ескерткіш болашақ офицерлер үшін ерлік пен адалдықтың үлгісі болатын болады, – деді Е.Сәденов.


Сондай-ақ ескерткіштің ашылу салтанатына академия Ардагерлер кеңесінің төрағасы Т. Қабденов, “Генералдар кеңесі” РҚҚ төрағасының бірінші орынбасары Б. Сарсеков және М. Оразалиев, М. Нүкенов, Ж. Кенжетаев сияқты генерал-майорлар, отставкадағы полиция полковнигі Д. Құсайынов, ҚР ІІМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Р. Ошақбаев және қаза тапқан полиция қызметкерлерінің ата-аналары мен туыстары қатысты.

– 30 жыл ішінде елімізде 800-ден астам полция қызметкері қызмет бабында қаза тапты. Бейбіт күннің батырларына қойылған бұл ескерткіш тек академия түлектеріне ғана емес, елдің тыныштығы мен тұрғындардың конституциялық құқығын қорғау жолында қаза тапқан барлық полиция қызметкерлеріне де арналады, – деді академия басшысы  А.Сайтбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру