Түркістан облысында бөтеннің қойын сатып жіберген қойшы 3 жылға сотталды
Түркістан облысында бөтеннің қойын сатып жіберген қойшы үш жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының жері малға жайлы, егін егуге қолайлы аймақ. Осыған байланысты облыстың көп тұрғындары ауыл шаруашылығымен айналысады. Дегенмен кей сәттері елдің күнделікті күнкөрісі болған төрт-түлігін белгісіз біреулер қолды етіп, шығын келтіріп жатады. Ал, Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері мал ұрлығын жасаған ұры-қарыны ұстап, мұндай ұрлыққа жол бермеу мақсатында, тәулік бойы қызметте жүреді. Сондай-ақ жергілікті халыққа мал ұрыларынан сақтану жолдарын түсіндіріп, мал артқан көліктерді, мал базарларын мұқият тексеріп, қадағалауды бақылауға алған.
Осындай кезекті жұмыс күнінде Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, оның үш бас уақ малы жайылымнан белгісіз жағдайда жоқ болған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алынды.
Орын алған қылмысты ашып, мал ұрыларын ұстау үшін тез арада жедел-тергеу тобы құрылды. Тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына жетіп, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Жақын аймақтарды аралап, көрген-білгендерден сұрастырды. Нәтижесінде ізін суытпай күдікті екеу ұсталды. Олар қой бағуға жалданған шопандар болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті екеудің бағып жүрген малдарына жайылымда бөтен үш бас мал қосылып кетеді. Жеңіл жолмен пайда табуды ойлаған күдікті екеу, басқаның қойларын көрші ауылдың тұрғынына 100 мың теңгеге сатып жібереді. Түскен ақшаны бас пайдаларына жұмсап үлгереді. Бүгінде ұсталған күдіктінің біреуіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданған. Бәйдібек аудандық сотының шешімімен күдікті 29 жастағы жергілікті тұрғын ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Іс бойынша айғақты зат ретінде алынған қойлар заңды иесіне қайтарылды. Ал, екінші күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығын болдырмауда тек тәртіп сақшылары ғана емес, мал асыраумен айналысатын тұрғындар да өз үлесін қосса, ұрылардың арам пиғылын іске асыруға тосқауыл болар еді дейді. Сондықтан төрт түлігімізге сақ болайық!