Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында браконьерлер ұсталды

Түркістан облысының полицейлері үш бірдей браконьерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ аудандық ПБ-ның табиғатты қорғау инспекторы Жомарт Атабаев “Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Созақ ауданы Құмкент ауылына қарасты Ақжар көлінің маңайында күдік тудырған “Нива” маркалы автокөлікті байқаған. Содан соң жанына жақындап, браконьерлерді тексеру кезінде автокөліктің жүк салғышынан заңсыз ауланған балықтарды тапты.

Аталған дерек ҚК 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша тіркелді.

Анықталған үш күдікті азамат Сайрам ауданының тұрғындары болып шықты.

Олардан 42 келі сазан балығы мен 200 метр балық аулауға арналған тор тәркіленіп алынды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны және ресурстарды заңсыз өндіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарын табиғатты қорғауға және заңдарды сақтауға шақырады.

Егер сіз браконьерлік деректерінің куәсі болсаңыз тез арада полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру