Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында браконьерлерден 500 келіден астам балық тәркіленді

Түркістан облысында браконьерлерден 500 келіден астам балық пен 1500 метрден астам ау-торы тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы аумағында браконьерлікті, биологиялық ресурс обьектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға және жолын кесуге бағытталған рейдтік-профилактикалық іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады.

Мұндай іс-шараларға Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты барлық қала-аудандық полиция бөлім, басқармаларының табиғатты қорғау тобының полиция инспекторлары атсалысуда.

Мәселен, полицейлермен үздіксіз жүргізілген жұмыс нәтижесінде, жыл басынан бері заңсыз балық аулаудың алты дерегі анықталған. Бұл жайттар ҚР ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша тіркелген. Браконьерлерден үш электроқармақ, 1 500 метрден астам Қытай ау-торы, сегіз қайық, алты балық аулауға арналған шанышқы, 500 келіден астам заңсыз ауланған балық тәркіленіп алынды.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, Жетісай АПБ-ның табиғатты қорғау инспекторы мен балық қорғау инспекциясы қызметкерлері бірлесіп, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған бес тұрғынды анықтады.

Табиғатқа зиян әкелген тұрғындарға ҚР ӘҚБТК-нің 383-бабымен 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Анықталған тұрғындардан қолдануға тыйым салынған бес шанышқы алынды. Заңсыз аң аулау, балық аулау, ағаш кесу, объектілер мен биологиялық ресурстар өнімдерінің заңсыз айналымы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жазасыз қалмайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру