Түркістан облысында дәмханаға ұрлыққа түскен азамат «ізін суытпай» ұсталды
Түркістан облысында дәмханаға ұрлыққа түскен азамат «ізін суытпай» ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын ұрлық қылмысы бойынша шағым түсірді. Ер адам арызында түнгі уақытта белгісіз біреу оның дәмханасына заңсыз кіріп, ішінен қажетті мүліктерді ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 600 мың теңгеден астам.
Оқиға орнына келген аудандық полицейлер күдіктіні ұстауға қажетті барлық шараларды жасады. Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен ізін суытпай 43 жастағы күдікті ер адамды ұстады.
Анықталғандай, ол бұрын сотты болған жұмыссыз тұрғын екені белгілі болды. Тергеу барысында күдікті ер адам түнгі уақытта дәмхананың есігін темірмен бұзып, ішіндегі теледидар, шансорғыш және бағалы заттарды жымқырып, үйіне тығып қойған. Осылайша қолды қылған мүліктерді сатып жібермек болған. Алайда полиция қызметкерлерінің жедел іс-қимылдарының арқасында ол ойы жүзеге аспады.
Тәртіп сақшылары күдіктінің үйінен ұрланған мүліктерді тәркілеп, заңды иесіне қайтарды.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.