Түркістан облысында екінші рет мас халде көлік басқарған тұрғын анықталды
Түркістан облысында екінші рет мас халде көлік басқарған тұрғын анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күнделікті жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, түрлі жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында патрульдеу қызметтеріне шыққан Кентау ҚПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрульдік полиция тобының қызмет инспекторлары Мұрат Жүйрікбаев пен Нұртуған Өтегенов мас халде көлік басқарған тұрғынды ұстады. Нақтырақ айтсақ, аталған полицейлер түнгі сағат 03:00 шамасында қала көшелерінің бірінде жылдамдығы басым, «Mitsubihi space punner» маркалы көлікті байқап, тоқтатады.
Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде, сақтандыру куәлігі жоқ, техникалық байқаудан өтпеген, оған қоса 2019 жылы Кентау қалалық сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, куәлігінен айырылғаны белгілі болды. Сондай-ақ жүргізушінің ішімдік ішкеніне күмән туындап, медициналық куәландырудан өткізіледі. Нәтижесінде тұрғын «жеңіл дәрежелі» мас халде көлік тізгіндеген болып шықты.
Демек, бұрын сотты болған жігіт көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған бола тұра, қайта ішімдік ішіп көлік басқарған. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 9-бөлігі (Мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлiк құралын басқару), 230-бабы 2-бөлігімен (Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу) хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша тіркеуге алынды. Қазіргі таңда кінәлі деп танылған азамат қамауға алынды.
Құрметті көлік жүргізушілері! Жылдамдықты асырмаңыздар, ащы суды ішіп, рульге отырмаңыздар. Жолға шыққанда барлық құжаттарыңызды талапқа сай етіп алып жүріңіздер!