Түркістан облысында екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізуші ұсталды
Түркістан облысында екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс АПБ-ның полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында күнделікті рейдтік-профилактикалық іс-шараларын жүргізуде.
Мәселен, Арыс АПБ полицейлері қызметтік міндетін атқару барысында ішімдік ішіп, көлік басқарған жүргізушіні ұстап, апатты жағдайдың алдын алды. Нақтырақ айтсақ, полицейлер Арыс-Шардара тас жолы бойында ВАЗ-2107 маркалы автокөлік жол ережесін бұзып бара жатқан автокөлікті тоқтатады.
Тексеру кезінде автокөлік маркалы көліктің иесі 2018 жылдың қыркүйек айында Арыс қаласы мамандандырылған әкімшілік сотымен ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық жасап, көлік басқару құқығынан үш жылға айырылғаны анықталды. Сондай-ақ полицей жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенеді. Тәртіп сақшысы осы жайтты нақтылау үшін медициналық сараптамаға жүгінеді.
Куәландыру қорытындысына сәйкес кінәлі жүргізушінің «жеңіл дәрежелі» масаң күйде екені анықталды.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Жүргізушінің автокөлігі айыптұраққа қойылды. Бүгінгі таңда күдіктінің азаматтың бас шарасы қолхатта.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.
Қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпау қажет. Жүргізушілер, үнемі жол қауіпсіздігі ережесін орындаса, тәртіпке бағынса, өз өмірі мен жолаушылардың өмірін сақтайтынын есте шығармағаны жөн.