Түркістан облысында экстремистік материалдарды таратқан тұрғын бас бостандығынан шектелді
Түркістан облысында экстремистік материалдарды таратқан тұрғын бас бостандығынан шектелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жасау кезінде Facebook қолданушыларының бірі өз парақшасында экстремистік іс-қимылдарды насихаттау белгілері бар материалдарды жариялап, таратқанын анықтады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде полицейлер күдіктіні, яғни сот тыйым салған экстремистік ұйымдардың бірінің идеологиясын жақтаушыны анықтады. Ол Төлеби ауданының тұрғыны болып шықты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 405-бабы (Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу) бойынша тіркелді.
Тергеу амалдары жүргізіліп, жинақталған материалдар тиісті заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Сот шешімімен ер адамға бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.