Түркістан облысында есептегі сотталған әйел қамауға алынды
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Келес аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған безбүйрек ана қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес аудандық пробация қызметінде бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған әйелдер де бар. Солардың бірі 2021 жылы бөтеннің мүлкін жымқырды деген айыппен Келес аудандық сотының қаулысымен төрт жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған болатын. Осы жазаның орындалуын ұйымдастыруды сотталған адамның тұрғылықты жеріндегі пробация қызметі жүзеге асырады. Ал егер осы пробация қызметінің жүктеген міндетін орындамаған жағдайда, бас бостандығынан айырылады.
Келес аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұратын азаматша жаза өтеу тәртібі мен шарттары түсіндірілгеніне қарамастан бірнеше рет, яғни әкімшілік жауапкершілікке тартылып, белгіленген уақытта үйінде болмай, профилактикалық іс-шараларға қатысу үшін есеп беруге келмей, сот жүктеген міндеттерді орындамай жаза өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзғаны үшін және алдағы уақытта жаңадан қылмыс жасауының алдын алумен оның түзелу жолына түсуіне ықпал жасау мақсатында, пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылып Сара есімді азаматша бас бостандығынан айыру жазасына 1 жыл 7 ай 23 күнге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, жазаның өтелмеген бөлігін Қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеу белгіленді.
– Бұл азаматша Келес аудандық пробация қызметінің есебіне алынған алғашқы күні-ақ, өзінің құқықтары мен міндеттері жайында және баладан бас тартса немесе баланы тәрбиелеуден жалтарған жағдайда, сотқа жазаны өтеуді кейiнге қалдырудың күшін жою бойынша және сот үкiмiне сәйкес тағайындалған жерге жазасын өтеуге жiберу бойынша ұсыныс жолданылатыны ескертілген болатын. Жазасының орындалуын бақылау кезінде сотталған азаматшаға және оның балаларына пробация қызметі тарапынан бірнеше рет әлеуметтік көмектер көрсетілумен қатар, азық-түлік себеттері берілді. Алайда, азаматша жаза өтеу барысында өзіне сотпен берілген мүмкіндікті тиісті деңгейде орындамай, асырауындағы мүгедек баласын қамқорлықпен тәрбиелеудің орнына оны қараусыз қалдырып, жазасын өтеуден қасақана жалтарды. Сонымен қатар мүгедек баланы асыраушы ретінде мемлекет тарапынан тағайындалған ай сайын берілетін жәрдемақысын бас пайдасына жаратып отырған, – дейді Келес аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Нұрдәулет Нұрымбетов.
Сот жүктеген міндеттерді орындамай, жазадан қасақана жалтарғаны үшін Келес аудандық сотының қаулысымен іздеу жарияланып, нәтижесінде бас бостандығынан айырылып, қамауға алынып, пробация қызметімен аудандық сотқа жазаны өтелмеген бөлегін абақтыда өтейтін болады. Сотталған азаматша мүгедек баласына қамқорлық жасамай бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған. Сотталған азаматшаның осындай іс-әрекеттерінен кейін мүгедек баласы Келес ауданы адами әлеуметті дамыту орталығына орналастырылды.