Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында сотталғандарды жұмыспен қамту шарасы өтті

Созақ ауданында сотталғандарды жұмыспен қамту шарасы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ аудандық пробация қызметкерлері жыл соңына дейін сотталғандарды тұрақты жұмысқа орналастыру жұмыстарын жүйелі түрде атқаруға кірісті.

Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Созақ аудандық пробация қызметі мен Шолоқорған ауылының халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен мәдениет үйінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Аталған шараның мақсаты – пробация қызметі есебінде тұратын, аудан бойынша түзету мекемелерінен босатылған және шартты мерзімге сотталған азаматтарды қоғамдық ортаға бейімдеу.

Жұмыспен қамту шарасына пробация қызметкерлері, аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері мен пробация қызметінің есебінде тұратын 18 азамат қатысты.

– Созақ ауданы Шолоқорған ауылдық Жұмыспен қамту орталығында ұсынылған жұмыстарға пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қатысып, өздерінің өтінішін берді. Әрине, егер ол адам жұмыс берушінің талабына сай болса, құжаттарын сол жерде тапсырып кетуіне болады. Мұндай шараларды ұйымдастырудағы басты мақсатымыздың бірі – өмірде қателік жасап, шалыс басқан жандарды қоғамға бейімдеу. Сонымен қатар, жұмыссыз үйде бос жатпай, отбасын асырауға да мүмкіндігі бар. Қылмысқа бой алдырған адамдардың басым бөлігі жұмыссыздықтың салдарынан барады. Жұмыссыз үйде отырған адам ақша табу үшін ұрлыққа, тонауға баратыны айдан анық. Осындай қылмыстарды болдырмау үшін сотталған азаматтарды жұмысқа орналастырып, оларды өзіміз бақылап отырамыз, – деді пробация қызметі бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Нұрымбетов.

Бұл шараға келген сотталған азаматтар жұмыс берушілердің кеңесін тыңдап, қажетті құжаттарды жазып алды. Ал кейбір азаматтар өздерінің кәсібін ашудың жолын да сұрады. Ауылдық Жұмыспен қамту орталығының мамандарына жаза басып, қателікке бой алдырған азаматтар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды.

– Созақ аудандық пробация қызметкерлері осындай шараларды ұйымдастырып отырады. Мен аталған шарада қарауылдық жұмысқа ұсыныс алдым. “Екі қолға бір күрек” деп қолдан келетін жұмысты адал атқаруға тырысамын. Өзімнің жасаған қателігіме өкінемін. Алдағы уақытта адал жолмен, маңдай теріммен еңбек етуге тырысамын. Менің қателігімді түсінуіме, түзелу жолына түсуіме үлкен септігін тигізген пробация қызметінің инспекторларына алғыс айтамын, – деді сотталған Берік.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру