Түркістан облысында карантин режимін бұзған тұрғындар анықталды
Полицейлер Түркістан қаласында үш күн ішінде карантин талаптарын бұзудың 49 жайтын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен карантин режимі енгізіліп, карантин талаптарын қатаң сақтау қажеттілігі жіті түсіндіріліп келеді. Оған жауапты құзырлы органдарда қадағалауды күшейтіп, арнайы тексеру жұмыстарын мықтап қолға алды. Ал індеттің таралуын азайту мақсатында бетперде кимеген тұрғындарға талап күшейіп, айыппұлдар салынуда.
Осыған орай, Түркістан облыстық полиция департаментіне қарасты Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен алты мобильдік топ құрылып, қала ішінде күнделікті рейдтер ұйымдастырылуда. Мәселен қалада орналасқан дүкендердің бірінің сатушысының бетпердесіз қызмет көрсетіп жатқандығы анықталды. Сонымен қатар карантин талаптарын қатаң ұстану керектігі түсіндірілді.
Яғни, жалпы алғанда тамыздың екісінен бастап бүгінгі күнге дейін, үш күннің ішінде жергілікті полиция қызметінің учаскелік полицейлері карантин талаптарын бұзғандарға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 49 әкімшілік хаттама толтырды. Аталған жайттар бойынша іс құжаттар жинақталып, Түркістан қалалық Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Түркістан облысының полицейлері әрбір тұрғынға карантин талаптарын үнемі сақтап, өз денсаулықтарыңызды бақылауда ұстауға кеңес береді. Оған қоса бетперде тағуды ұмытпай, әдетке айналдыру керектігін ескертеді.